Жастар арасындағы этномәдени құндылықтарға жаңа көзқарасFarabi University

Жастар арасындағы этномәдени құндылықтарға жаңа көзқарас

12 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан халқы Ассамблеясы мен білім ордасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою және «Фараби студенттік ассамблеясы» ұйымының ашылу салтанаты өтті. Ауқымды шара екі ұйым арасындағы серіктестікті нығайтуға және еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді одан әрі дамытуға бағытталған.

Жиында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев: «ҚазҰУ бүгінде тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты азаматтық жауапкершілікке, ұлттық сана мен патриотизмге тәрбиелейтін орта. Бүгін университет қабырғасында ашылған Фараби студенттік ассамблеясы осы міндеттердің өміршеңдігіне кепіл болмақ. Бұл жоба жастар арасында қоғамдық келісім мен бейбітшілікті, этностар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді ректор.

Сондай-ақ университет басшысы еліміздің рухани-мәдени кеңістігіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы: «Бұл меморандум – Қазақстандағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің басты кепілі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірігіп жұмыс жасау арқылы біз елдің түрлі этностарының мәдениетін, дәстүрін сақтап, дамытуға үлкен үлес қосамыз», – деді.

Меморандум шеңберінде тараптар мәдени іс-шаралар, пікірсайыстар, конференциялар ұйымдастыруға ниетті. Сонымен қатар жастарды патриотизмге, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында түрлі тренингтер мен семинарлар өткізу де көзделген.

Бүгінде білім ордасында 64 этнос өкілінен құралған 3238 студент білім алуда. Бұл – университеттің көпұлтты және көпмәдениетті білім беру кеңістігіне айналғанының айғағы. Жаңа ашылған Фараби студенттік ассамблеясы осы ортада тәрбиеленіп жатқан жастардың этномәдени санасын қалыптастыруда, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал ететін болады.

Шара аясында «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев жиналғандарға Фараби студенттік ассамблеясының ҚазҰУ-дағы төрағасын таныстырды және жиын соңында білім ордасының бірқатар қызметкерлері Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатымен марапатталды. 

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі