Журналистика майталманына арналған конференция

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Уақыт және қаламгер: көсемсөз шебері Аяған Сандыбай» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, белгілі журналист, публицист қаламгер Аяған Сандыбайдың 75 жасқа толуына арналды. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер мен журналистер, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Салтанатты жиында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Бақытжан Омаров мерейтой иесіне университет басшысы Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын жеткізді.
«Талантты қаламгер, білікті журналист Аяған Сандыбай – Қазақстанның әдеби, мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар қайраткер тұлға. Ол оқырмандарға қоғамдық ойды қозғайтын өткір мақалаларымен, өзекті шығармаларымен жақсы таныс. Сондай-ақ ол еліміздің мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарында PR бағыттарының негізін қалаушылардың бірі болып табылады және еліміздің ақпараттық саясатын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан іскер медиаменеджер. Аяған Сандыбай бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың білім беру үрдісінің жаңа бағытта дамуына елеулі үлес қосып келеді», – делінген хатта.
Конференцияда Қырғыз Республикасының халық ақыны Ақбар Рысқұлов, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Сақ және Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Қараулова т.б. құттықтау сөз сөйлеп, Аяған Сандыбайдың ұлттық журналистика, әдебиет және қоғамдық ойды дамытудағы бірегей үлесін, кәсібилігін және азаматтық ұстанымын ерекше атап өтті.
ҚазҰУ журналистика факультетінің қауымдастырылған профессоры Жетпісбай Бекболат мерейтой иесінің шығармашылығына терең талдау жасап, кәсіби шеберлігіне айрықша тоқталды.
Конференция соңында мерейтой иесі жиналған қауымға алғыс білдіріп, журналистика қоғам алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің маңызды құралы екенін атап өтіп, ұлт руханиятына аянбай қызмет атқара беретінін айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


