Ректор ғылыми орталықтардың дайындығын тексердіFarabi University

Ректор ғылыми орталықтардың дайындығын тексерді

27 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жаңадан ашылатын ғылыми орталықтардың дайындық жұмыстарын пысықтады.

Алдымен оқу ордасының ректоры жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлейтін цехты көрді. Мұнда болашақта ҚазҰУ мен қытайлық компания бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірлесіп әзірлеп, қолданысқа енгізбек. Оқу ордасының базасында дайындалатын дрондарды түрлі салада қолдануға болады.

Қазіргі таңда ғылыми цехқа қажетті алаң ҚазҰУ тарапынан дайындалып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Юань Чжэнь» компаниясы қажетті техника және аппараттармен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев Ми институтындағы МРТ орталығына барды. Оқу ордасының басшысына жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндалды.

Ғылыми орталықтарды аралап көрген жоғары оқу орнының басшысы жауапты мамандарға құрылыс және жөндеу жұмыстарын сапалы және уақтылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ ректор өз сөзінде орталық заманауи үлгіде жасақталатынын жеткізді. Аталған нысандар университеттік ғылымды дамытуға және студенттердің оңтайлы білім алуларына үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі