Дүниежүзілік туризм күні атап өтілдіFarabi University

Дүниежүзілік туризм күні атап өтілді

27 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 27 қыркүйек ­ – Дүниежүзілік туризм күніне орай «Тұрақты даму және трансформация» тақырыбында бірқатар іс-шаралар өтті.

Әл-Фараби кітапханасында География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасы арнайы көрме мен презентациялар ұйымдастырды.

Студенттер профессор-оқытушылар құрамын, түлектерді, серіктестерді, қонақтарды және туризм мен қонақжайлылық саласына қатысы бар мамандарды құттықтап, мерекелік концерт ұсынды.

Бүгінде ҚазҰУ – Қазақстандағы UNWTO.TedQual халықаралық сертификатына ие болған жалғыз университет. Бұл – туризм саласы мамандарын даярлаудағы жоғары стандарттарды және оқу бағдарламаларының әлемдік деңгейдегі талаптарға толық сәйкес келетінін көрсетеді.

Туризм мен қонақжайлылық бағыты бойынша Еуропа мен Азияның жетекші университеттерімен тұрақты байланыс орнатылып, студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламалары табысты жүзеге асуда.

Теориялық біліммен қатар, практикалық дайындыққа да ерекше назар аударылады: студенттер туристік-спорттық жорықтарға және экспедицияларға қатысып, кәсіби біліктілігін арттырып, көшбасшылық қабілеттерін дамытады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі