ҚазҰУ студентінің мақаласы Galaxies журналында жарияландыFarabi University

ҚазҰУ студентінің мақаласы Galaxies журналында жарияланды

29 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің 4-курс студенті Шахида Нұрмахаметованың мақаласы беделді халықаралық Galaxies (Q2, Scopus, Web of Science) журналында жарияланды.

Ол өзінің жұмысында доцент Алдияр Агишевтің жетекшілігімен пост-AGB сатысындағы сирек кездесетін астрономиялық нысан – HR 4049 қос жұлдызын зерттеді. Бұл – жұлдыздардың өміріндегі ерекше кезең, ол бірнеше мың жылдарға созылып, жаңа жұлдыздар мен планеталардың түзілуінде маңызды рөл атқарады.

Зерттеу АҚШ ғалымдарымен және В.Г.Фесенков атындағы Астрономиялық институтымен (Алматы) ынтымақтастықта жүргізілді, ал барлық есептеулер ҚазҰУ-дың Data Science in Astrophysics ғылыми-зерттеу орталығының суперкомпьютерінде орындалды.

«Мен зерттеуімді дипломдық жұмысымнан бастадым, бірақ нәтижелер соншалықты қызықты болды, сондықтан жаңалықтарымды жариялау үшін мақала дайындауға шешім қабылдадық. Қазір MNRAS журналына және келесі Galaxies санына тағы екі мақала жіберілді», – деді Шахида Нұрмұхаметова.

«Біз студенттеріміздің бүгінгі күні әлемдік ғылыми кеңістікке ұмтылыс жасап отырғанына қуанамыз. Бұл ғылым жолын таңдайтын барлық жастарға шабыт беретін үлгі. ҚазҰУ-да зерттеулер бакалавриатта басталады», – деді ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен.

Мақала Galaxies журналының Circumstellar Matter in Hot Star Systems арнайы санында жарияланды. Толық мәтінге мына сілтемеден өтуге болады: ссылке: doi.org/10.3390/galaxies13020026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі