Ғылыми кеңес жаңа міндеттер жүктедіFarabi University

Ғылыми кеңес жаңа міндеттер жүктеді

29 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылыми кеңес өтті. Жиында Басқарма мүшесі – бірінші проректор Еркін Дүйсенов 2024-2025 оқу жылына арналған операциялық жоспардың орындалу нәтижелерін баяндады.       

Спикер атап өткендей, ЖОО-ның негізгі даму бағыттары бойынша айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Университет ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін тиімді ұштастырып, жоспарланған 2,5 пайыздың орнына халықаралық рейтингтің Топ-300 қатарына енген білім беру бағдарламаларының үлесін 18,6 пайызға жеткізді. Есептік кезеңде 337 ғылыми жоба жүзеге асырылуда, олардың 23,4 пайызы Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлесіп орындалуда. Бұл көрсеткіш жоспарланған межеден 23 пайызға жоғары. Сонымен қатар университет экономикадағы нақты сектормен ынтымақтастыққа ерекше мән беруде: 203 кәсіпкерлік өкілі 133 білім беру бағдарламасы аясында бірлесіп оқыту процесіне тартылған.  Бірінші проректор ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көрсеткіштерін де жариялады. Олардың үлесі университеттің жалпы бюджетінің 36,3 пайызын құрап, жоспарланған 30,4 пайыздан асты. Бұл көрсеткіш оқу және зерттеу орындарының 61,5 пайызын жаңартуға және Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы мен Farabi Robotics сияқты жаңа орталықтарды ашуға мүмкіндік берді.

Университет QS әлемдік рейтингінің Топ-300 қатарына кіретін серіктестермен қосдипломды бағдарламаларды кеңейтуді жалғастыруда. Жоспарланған 15 бағдарламаның орнына 21 бағдарлама іске асырылды. Сондай-ақ университеттің цифрландыру үдерісі табысты жүргізілуде: оқытушылар мен қызметкерлердің 75,1 пайызы цифрлық құжат айналымын қолданады, бұл жоспарланған көрсеткіштен 25 пайызға жоғары.

2025-2026 оқу жылына қабылдау науқанының қорытындылары жөнінде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева және Оқуға қабылдау кеңсесінің жетекшісі Айдар Жұмалипов баяндады.

Биыл бакалавриатқа арналған Ұлттық тестілеуге тіркелу бірнеше кезеңмен өтті: 14-24 желтоқсан, 15-25 ақпан, 28 сәуір – 14 мамыр және 20-30 шілде аралығында. Шығармашылық емтиханға өтінімдер 20 маусымнан 6 шілдеге дейін, сондай-ақ 1-10 тамыз аралығында (ақылы негізде) қабылданды. Магистратураға құжаттар 1 маусымнан 8 шілдеге дейін, докторантураға 3 шілдеден 3 тамызға дейін қабылданды.

Бакалавриатқа түскен үміткерлер арасында 116 «Алтын белгі» иегері, 27 халықаралық олимпиада жүлдегері, 19 инклюзивті технологиялар бойынша білім алатын студент, «Қазақстан халқына» қорының 15 грант иегері және Маңғыстау облысы әкімінің грантына ие болған 1 студент бар.

Өткен жылмен салыстырғанда грант иегерлерінің саны артты: биыл бакалавриатқа грант негізінде 4036 адам қабылданды (өткен жылы – 3869), ал ақылы негізде – 2645 адам (2023 жылы – 2128). Магистратураға 983 студент – грантқа, 159 адам ақылы негізде қабылданды. Докторантураға 514 адам түсті. Спикерлер ұсыныстарын да ортаға салды. Солардың бірі – 2026 жылы қабылдау науқаны кезінде университеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, өту балын көтеру.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Ол әр факультетке талапты абитуриенттердің жоғары оқу орнын таңдаудағы талаптары мен үміттерін талдап, соның негізінде арнайы жол картасын әзірлеу керектігін баса айтты. Мұндай тәсіл факультеттер жұмысының тиімділігін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі болмақ.

Ғылыми кеңес барысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында  және Еңбек күні мерекесіне орай, бірқатар ҚазҰУ қызметкерлері марапатталды. «Фараби» алтын медалімен медицина ғылымының кандидаты Фарида Ысқақова  наградталды. ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалімен тұрмыстық-шаруашылық бөлімінің бастығы Әубәкір Балықбаев, Өндірістік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Асқар Сералиев, Энергетикамен қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жандос Қонқанов, «Әл-Фараби Принт» өндірістік цехының жетекшісі Жомарт Жақыпбеков марапатталды. Күрделі құрылыс департаментінің смета-шарт бөлімінің жетекшісі Айым Асқарқызына ҚазҰУ ректорының Алғыс хаты тапсырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі