ҚазҰУ-да Асқар Ақаев ЖИ дәуіріндегі адамзат дамуы жайлы дәріс оқыды

«Әлем үш ерекше кезеңнің – технологиялық (жасанды интеллект), демографиялық және эволюциялық кезеңдердің табалдырығында тұр. Бұл адамзаттың болашақ дамуына қалай әсер етеді?» деген тақырыптағы көшбасшылық дәрісті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғызстан Республикасының тұңғыш президенті, РҒА академигі, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Күрделі жүйелердің математикалық зерттеулері институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев оқыды.
Шараға танымал ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты таныстырып, көшбасшылық дәрістің маңыздылығына тоқталды. «Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев ғылымнан саясатқа келген. Ол Санкт-Петербург университеті мен Ленинград нақты механика және оптика институтында инженер-математик мамандығын алған, Мәскеу инженерлік-физикалық университетінде кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғаған. Кейін Қырғызстан ғылым академиясында түрлі қызмет атқарып, академияның президенті болды. Асқар Ақаевтың ғылым мен білімді дамытуға, ғылыми зерттеулерді ынталандыруға және кадрлар даярлауға қосқан үлесі өлшеусіз, – деді университет басшысы. – Оның басшылығымен Қырғыз ғылым академиясының өңірлік ғылыми алмасудағы рөлі күшейіп, инженерлік және технологиялық жобалар жүзеге асырылды, сондай-ақ жастардың білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған білім беру бастамалары қолдау тапты».
Академик Асқар Ақаев өз сөзінде Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың биылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында баяндалған Қазақстанның цифрлық даму бағдарламасын жоғары бағалады. «Бұл – ең амбициялы бағдарлама, себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы үш жылдың ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды мақсат етіп қойды. Нәтижесінде Қазақстан әлемдегі цифрлық трансформация саласындағы көшбасшылар қатарында болады. Соның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ цифрландыру, жасанды интеллект технологиялары, экономика мен мемлекеттік басқаруды трансформациялау саясатын жүргізуде көшбасшы бола алады», – деп атап өтті ғалым.
Дәріскердің айтуынша, жақын жылдары адамзат үш сингулярлық кезеңнен өтеді, олар – демографиялық, технологиялық және эволюциялық. «Сингулярлық дегеніміз – қандай да бір шаманың шексіздікке ұмтылуы, бірақ әлем, табиғат, Жаратушы шексіздіктен аулақ жүреді. Оның бірі – адамзаттың өзі жасаған жасанды интеллект. Оны бақылау және реттеу өте қиын болады. Тарих қоныстану дәуірінен қала және өнеркәсіп революциялары арқылы фазалық ауысулардан өтті, ал біз қазір цифрлық революция шегінде тұрмыз», – деді Асқар Ақаев.
Ғалымның пікірінше, 2027-29 жылдары «адам интеллекті деңгейіндегі» жасанды интеллект құру мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ «адам+ЖИ» симбиозының барлық салалардағы жетекші күшке айналуы адамзат эволюциясының прогрессивті бағыты бойынша қозғалуына мүмкіндік береді.
Дәріс соңы ашық диалог форматында өткен пікірталаспен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

