Болашақ әскери журналистерге көшбасшылық дәріс өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасында «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық акциясы аясында Республика күніне арналған кәсіби бағдар беру іс-шаралары өтуде. Бұл бастама еліміздің даму тарихын, түрлі салалардағы жетістіктерін таныстыруға және студенттердің отансүйгіштік рухын арттыруға бағытталған.
Осы шаралардың бірі ретінде ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, әскери кафедра түлегі Қанат Әуесбай әскери кафедра студенттеріне «Тәуелсіз Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс барысында спикер Қазақстандағы БАҚ қалыптасуының негізгі кезеңдеріне тоқталып, ақпарат құралдарының қоғамды жаңғыртудағы және жаңа, әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудағы маңызды рөлі туралы айтты. Сондай-ақ жас журналистерге кәсіби этика, жауапкершілік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде ой бөлісті.

Сабақ университеттің жаңартылған профессор М.Барманқұлов атындағы телестудиясында өтті. Онда болашақ әскери журналистер студиялық бейне және фото түсірудің техникалық ерекшеліктерімен танысып, ақпараттық және тақырыптық бағдарламалар жүргізуді тәжірибеден өткізді. Сонымен қатар студенттер телевизиялық сұхбат ұйымдастыру дағдыларын шыңдады.

Журналистика факультеті мен әскери кафедра арасындағы ынтымақтастық осындай тәжірибелік сабақтар арқылы нығая түсуде. Бұл өз кезегінде болашақ запастағы офицерлердің кәсіби дайындығын арттырып, олардың еліміздің шынайы патриоттары ретінде қалыптасуына жол ашады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар