Ұлттық мереке – Республика күні құтты болсын!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және білім алушы жастары!
Сіздерді ұлт тарихындағы маңызды мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады. Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі», – деп атап өткен болатын.
Аталған маңызды құжат еліміздің тәуелсіздік жолындағы шешуші қадамы, мемлекетіміздің жаңа тарихының бастауына негіз болды. Бұл күн халқымыздың сан ғасырлық арман-мұратын жүзеге асырып, егемендікке, дербес даму мен жарқын болашағына жол ашты. Бүгінгі таңда Қазақстан – саяси тұрақтылығы мен экономикалық әлеуеті артқан, халықаралық беделі жоғары, өркениетті елдер қатарындағы қуатты мемлекетке айналды. Бұл – барша қазақстандықтардың бірлігі мен татулығының, еңбегі мен табандылығының, ел болашағына деген сенімінің нәтижесі.
Біз ел Президенті ұсынған әділетті Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етіп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық құндылықтар мен заманауи өркениет жетістіктерін үйлестіре отырып, жарқын болашақ қалыптастыруға үлес қосуымыз қажет. Осы жолда әрқайсымыздың міндетіміз – ғылым мен білімді дамыту, инновация мен мәдениетті өркендету, жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін арттыру арқылы ел игілігіне қызмет ету. Осы жауапты жолда сіздерге зор сенім артамын.
Ел мүддесі мен ұлт болашағы жолындағы еңбектеріңізге сәттілік пен толағай табыстар тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар