«Литер» газетінің бас редакторы ҚазҰУ Баспасөз қызметінің жұмысымен танысты
Республикалық қоғамдық-саяси «Литер» газетінің бас редакторы, Президент стипендиясының иегері, Ақпарат саласының үздігі Жанна Ойшыбаева Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініне арнайы келіп, Ақпарат және коммуникациялар департаментінің қызметімен танысты.
Құрметті қонаққа департамент құрамындағы бірқатар бөлімдердің жұмысы таныстырылды. Атап айтқанда Баспасөз қызметі, «Farabi Media» телестудиясы, «Qazaq universiteti» газеті, «Farabi University» сайт басқармалары өздерінің негізгі бағыттары мен күнделікті атқаратын жұмыстарын таныстырды.

Департамент мамандары университеттің имиджін көтеру, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орнату, сондай-ақ медиаконтент жасау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Жанна Ойшыбаева ҚазҰУ медиақұрылымының кәсіби деңгейін жоғары бағалап, университеттің баспасөз қызметі мен «Литер» газеті арасындағы әріптестік байланыс одан әрі дамитытына сенім білдірді.

«ҚазҰУ түлегі ретінде оқу ордасына келіп, соңғы жетістігімен танысу мен үшін үлкен бақыт. Университеттің медиа саласындағы жұмысы жоғары деңгейде жолға қойылғанын көрдім. «Литер» газеті көшбасшы жоғары оқу орнының ғылым мен білім саласындағы табыстарын тұрақты түрде жариялап келеді. Болашақта да ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметімен ортақ жұмыстарды бірлесіп атқара беретін боламыз», – деді Жанна Ойшыбаева.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі