Ректор «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумына қатысты
 
                Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты.
Форумда үздік шетелдік университеттердің жетекшілері, халықаралық рейтинг және аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері, отандық ЖОО ректорлары бас қосты.
Президент білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш, ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы екенін баса айтты.

«Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе жас зерттеушілерге, барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет», – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі жоғары оқу орындарының беделді халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші жақсарып келе жатқанын айтты.
Жиында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының президенті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің тіл және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко және т.б. қатысушылар сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
 
         
                                 
                                