- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ магистранттары Армениядағы халықаралық астрономиялық жазғы мектепке қатысты
ҚазҰУ магистранттары Армениядағы халықаралық астрономиялық жазғы мектепке қатысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің 1-курс магистранттары Бақыт Арлан мен Ислям Жомартқали Халықаралық астрономиялық одақтың (IAU) қолдауымен ұйымдастырылған IV өңірлік астрономиялық жазғы мектепке қатысты.
Магистранттар Электроника және астрофизика кафедрасының «Физика және астрономия» мамандығы бойынша білім алуда.
Олар Бюракан (Армения) қаласында өткен Astronomy and Data Science атты IV аймақтық астрономиялық жазғы мектепке халықаралық іріктеуден өтіп, грант иегерлері ретінде қатысты. Бағдарлама барысында қатысушылар астрономиялық бақылаулар мен деректерді өңдеу әдістерін меңгеріп, Бюракан астрофизикалық обсерваториясының 1 және 2.6 метрлік телескоптарында тәжірибелік жұмыс жүргізді.

Олардың ғылыми жетекшісі, PhD, аға оқытушы Аружан Омардың айтуынша, Арлан мен Жомартқали өздерінің ғылыми жолдарын ҚазҰУ-дың Data Science in Astrophysics орталығындағы «Радиоастрономия» зертханасында бакалавриаттың үшінші курсынан бастаған. IAU секілді беделді халықаралық ұйымнан грант алу – олардың ғылыми тәжірибесі мен зерттеулерінің жемісі. Бұл заманауи астрономиялық бағдарламалармен жұмыс істеу, мәліметтерді өңдеу және талдау саласындағы жоғары біліктіліктің нәтижесі. Қазіргі таңда жас зерттеуші-магистранттар жаңа ғылыми мақаланы дайындау үстінде.
Факультет деканы Нұрзада Бейсен: «Жас ғалымдардың табысы – ҚазҰУ ғылыми мектебінің сапасы мен студенттерінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі. Болашақта да жас зерттеушілеріміздің осындай халықаралық табыстарға жетіп, ел ғылымының дамуына өз үлесін қосатынына сеніміміз мол», – деп, университет басшылығы студенттердің ғылыми қызығушылықтарына әрдайым қолдау білдіріп отыратынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі