Стенфордты бағындырған стартапермен кездесу
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде Стэнфордты бағындырған AIDENTIS ЖИ стартапының негізін қалаушы Асылзат Исатаймен кездесу өтті.
Онда студенттер және оқытушылармен жүздескен Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының түлегі Асылзат Исатай өзінің жұмысы туралы әңгімелеп берді. Асылзат студенттік аудиториядан бастап, Кремний алқабының ең беделді акселераторларының бірі – StartX Stanford University бағдарламасына дейінгі жолын баяндады. AIDENTIS командасы бірнеше кезеңнен тұратын күрделі іріктеуден сәтті өтіп, отандық технологиялардың әлемдік деңгейдегі көшбасшылармен бәсекелесе алатынын дәлелдеді.

«StartX бағдарламасына қатысу – біз үшін тек өзіңді мойындату емес, сонымен қатар миссиямызды кеңейту мүмкіндігі: жасанды интеллект арқылы медицинаны неғұрлым дәл, қолжетімді және жекелендірілген ету. Қазақстандық әзірлеменің халықаралық деңгейде жоғары баға алғанына қуаныштымыз», – деді Асылзат Исатай.
Бүгінде AIDENTIS Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтасып, өз технологияларын елдің медициналық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізіп жатыр. Компания шешімдері дәрігерлер мен студенттерге пациенттерді дәлірек диагностикалау және тиімді емдеуде жасанды интеллектіні қолдануға көмектеседі.

2024 жылдың желтоқсанында стартап қазақстандық бизнес тобынан 200 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартып, компания 3 миллион долларға бағаланды. Бұл қаражат стоматологтарға арналған диагностика модулін дамытуға және AIDENTIS-тің Қазақстан мен Өзбекстан нарығындағы қатысуын кеңейтуге бағытталды.
Кездесу барысында студенттер жасанды интеллект, стартаптар және жоғары технологияларды дамытудағы жастардың рөлі туралы белсенді сұрақтар қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі