Химия саласындағы ЖИ тақырыбында дәріс өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Химиялық жаңалықтардағы алгоритмдер мен роботтар» тақырыбында қызықты әрі мазмұнды дәріс өтті. Шараны Оңтүстік Корея Республикасындағы Іргелі ғылымдар институтының (IBS) Алгоритмдік және роботтандырылған синтез орталығының (CARS) ғалымы, халықаралық зерттеу тобының мүшесі Ғалымжан Молдағұлов өткізді.
Кездесу барысында ол жасанды интеллект пен робототехниканың қазіргі химия ғылымындағы рөлі туралы айтты. Ғалымның айтуынша, жаңа буын алгоритмдері мен роботтар ғалымдарға күрделі молекулаларды синтездеуге, бұрын белгісіз реакцияларды ашуға және процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. SYNTHIA™ және Allchemy™ сияқты бағдарламалар химиялық реакциялардың мыңдаған нұсқасын талдап, ең тиімді және үнемді жолдарын анықтай алады.
Ғалымжан Молдағұлов сондай-ақ тәулігіне 1000-ға жуық тәжірибе жүргізуге қабілетті роботтандырылған O’YES жүйесін таныстырды. Бұл технология реакциялардың өнімділігін нақты бағалауға және жаңа қосылыстарды жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықтар дәрі-дәрмек жасау, экологиялық таза материалдар мен катализаторлар әзірлеу сияқты салаларда зор серпіліс береді.
Дәріс студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Тыңдаушылар жасанды интеллектінің химиядағы болашағы, зертханаларды автоматтандыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Көптеген студенттер бұл кездесудің өз ғылыми ізденістеріне жаңа идея мен шабыт бергенін атап өтті.
Ғалымжан Молдағұлов өз сөзінде: «Алгоритмдер мен роботтар ғалымдарды алмастырмайды. Керісінше, олар зерттеушілердің сенімді серігіне айналып, бұрын мүмкін болмаған жаңалықтарға жол ашады», – деді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар