Есеп пен аудит мамандары тәжірибе алмасты
Әл-Фараби атындағы Қаз-ҰУ-да «Ғаламдық өзгерістер жағдайындағы есеп пен аудиттің тұрақты дамуы: ESG-қаражаттық есептілігін трансформациялау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Экономика және бизнес жоғары мектебінің қаржы және есеп кафедрасы ұйымдастырды.
Іс-шара Әл-Фараби апталығы аясында, бухгалтерлер мен аудиторлар күніне орай өтті. Оның мақсаты – профессорлық-оқытушы құрамы, жас ғалымдар, кәсіби қауымдастық өкілдері мен тәжірибелі мамандар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ студенттерді бухгалтерлік есеп пен аудит саласының практикалық мәселелерін шешуге тарту.

Дөңгелек үстелдің ашылуында Экономика және бизнес жоғары мектебінің декан орынбасары Дина Канагатова сөз сөйлеп, ESG қағидаттарына негізделген корпоративтік басқару жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бизнес пен қоғам арасындағы жаңа жауапкершілік тепе-теңдігі тұрақты даму моделін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Шара барысында халықаралық консалтинг желісінің KPMG Кавказ және Орталық Азия бойынша компаниясының қаржы директоры Әсел Темірғалиева «Интеграцияланған есептілік – бизнес тұрақтылығының құралы» тақырыбында баяндама жасады. Ол интеграцияланған есептілік қаржылық және қаржылық емес ақпаратты біріктіре отырып, компанияның ұзақ мерзімді құндылық жасай алу қабілетін айқын көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, «Uchet.kz» кәсіби бухгалтерлер академиясының директоры Максим Барышев, ҚазҰУ Экономика және қаржы департаментінің директоры Әсем Мақашова, қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі Рысты Сартова, кафедра доценті Альмира Арыстанбаева өз пікірлерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел аясында докторанттар мен магистранттар кәсіби сала мамандарының тәжірибесін тыңдап, бухгалтерлік есеп пен аудит саласындағы тұрақты даму стратегияларын талқылады. Тараптар есеп пен аудит жүйесінің ашықтығы мен сенімділігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен ұсыныстар әзірледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар