Тілдік модельді әзірлеу жобасының нәтижелері көрсетілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жобаны мақсатты қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақ тілін қолдау және технологиялық дамуды қамтамасыз ету үшін үлкен тілдік модель (LLM) жасау» жобасына арналған воркшоп өтті.
Іс-шара Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және SOFTCRAFT компаниясымен бірлесе ұйымдастырылды.

Жобаның негізгі мақсаты қазақ тіліне бейімделген сенімді және жоғары тиімді LLM әзірлеу болып табылады. Қазақ тілінің мәдени және лингвистикалық ерекшеліктерін ескеретін құралдар мен қосымшаларды жасауға ерекше көңіл бөлінеді.

Жоба аясында қазақ тілінде агенттік жүйелерді оқытуға арналған ауқымды тақырыптық және жанрлық, сұрақ-жауап корпустары мен датасеттер жиынтығы қалыптастырылды. Алғашқы қазақ SLM (Small Language Model) конфигурациясы дайындалды. Олар жергілікті құпиялылығы және офлайн режимі бар мобильді және перифериялық құрылғылар үшін жарамды. Есептеу эксперименттері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да орналастырылған жоғары өнімді GPU-кластерде жүргізіледі.

Воркшоп барысында университеттің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталып: «Біздің мақсатымыз – қазақ тілін жаңа буын технологиялар экожүйесіне толыққанды енгізу. Бұл – тілдің қолданыс аясын кеңейтумен қатар, оны заманауи цифрлық кеңістікте нығайтуға бағытталған стратегиялық міндет», – деп атап өтті.

Шараға қатысушылар жобаның қазіргі кезеңдегі нәтижелерін таныстырып, тілдік деректерді байыту, жасанды интеллект платформаларын дамыту және жаңа қолданбалы шешімдерді енгізу мәселелері бойынша пікір алмасты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі