«Жүйесіз берілген тәрбие – адамзаттың қас жауы» атты жиналыс өтті
2025 жылғы 7 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттік қалашық мамандарының ұйымдастыруымен және ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп, Құқық қорғау органдарына экономикалық және әкімшілік құқықбұзушылықтарға қарсы күресте қолдау көрсету қоғамының төрағасы Петров Е.Н. қатысуымен «Жүйесіз берілген тәрбие – адамзаттың қас жауы» атты жиналыс өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық және рухани мәдениетін арттыру, қоғамдағы тәрбие жүйесінің мәнін ашу, сондай-ақ жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу болды.
Жиын барысында тәрбие беру ісіндегі жүйеліліктің маңызы, отбасы мен оқу орнындағы тәрбиелік жұмыстардың өзара байланысы, адамгершілік пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды. Ішкі істер органдарының өкілдері жастарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіп пен жеке жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Университет мамандары мен студенттер Әл-Фарабидің ұлы қағидасы – «Жүйесіз берілген тәрбие – адамзаттың қас жауы» деген сөзді басшылыққа ала отырып, қазіргі жастардың бойында ізгілік, парасаттылық және еңбексүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.
Жиналыс қорытындысында қатысушылар тәрбиелік бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізу, оқу орындары мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ студенттердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді. Бұл кездесу жастардың сана-сезімін оятып, жүйелі тәрбиенің қоғам дамуындағы маңызды рөлін терең түсінуге зор ықпал етті.



Басқа жаңалықтар