ҚазҰУ докторанты Оксфордта қазақ тілін оқытуда
Фото: instagram.com/grants.kz
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты Дидар Садық қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытуда.
Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы келісім аясында жүзеге асырылуда. Бұл әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне қазақ тілін жүйелі түрде енгізуге бағытталған алғашқы пилоттық білім беру бағдарламасы болып табылады.
Бүгінде Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультетінде 28 тіл оқытылады. Түркі тілдері арасынан түрік, өзбек және әзірбайжан тілдері бұрыннан оқу бағдарламаларында бар болса, енді бұл қатарға қазақ тілі де қосылды. Яғни қазақ тілі әлемдік академиялық кеңістікте зерттелетін және оқытылатын тілдер қатарына енді. Қазақ тілін халықаралық ғылыми айналымға енгізуге бағытталған маңызды пилоттық жобаның тікелей орындаушысы – Дидар Садық. Ол Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Филология» мамандығы бойынша білім алып, лингвистика бойынша магистратураны тамамдаған. Қазіргі уақытта PhD бағдарламасы аясында «Қазақ тілін англофондарға шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізуде. Осы ғылыми бағыты мен кәсіби даярлығы оны халықаралық бағдарламаның оқытушысы ретінде іріктеуге негіз болды.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тілін кешенді, теориялық және қолданбалы тұрғыдан зерттейтін іргелі ғылыми мекеме. Оксфорд университетінің осы институтпен тікелей ғылыми әріптестікке бастамашы болуы қазақ тілінің халықаралық лингвистикалық ғылымдағы маңызын айқындайды.
Қазақ тілінің Оксфордтағы пилоттық курсы аптасына екі рет, төрт сағаттық академиялық форматта өтеді. Курсқа қатысушылар – Азия мен Еуразияны, олардың тарихи-мәдени байланыстарын және тілдік құрылымдарын зерттеуге маманданған жас ғалымдар. Олар қазақ тілін тек тілдік жүйе ретінде ғана емес, мәдени-өркениеттік феномен ретінде меңгеруге қызығушылық танытып отыр.
Бұл жоба қазақ тілінің халықаралық білім беру платформаларында орнығуына бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта курстың ауқымын кеңейту және қазақ тілін университеттің тұрақты оқу бағдарламасына енгізу жоспарланып отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар