ТДМ №16: Заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылық кепілі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Студенттер қалашығы мамандарының ұйымдастыруымен заң мен тәртіп аясында «Тәртіпке бас иген құл болмайды» атты тәрбиелік бағыттағы іс-шара өтті.
Шараға Бостандық аудандық ювеналдық полиция бөлімінің полиция майорлары – Молдабергенова Шынар Жақсылыққызы және Әлімбекова Әсел Мергенбайқызы арнайы шақырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – студент жастар арасында құқық бұзушылықтың, қылмыстың және тәртіпсіздіктің алдын алу, заңға бағынушылық пен жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ ел қорғаны, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзін жастар санасына сіңіру болды.
Іс-шара барысында қонақтар студенттерге құқықтық мәдениеттің маңызы, қоғамдағы тәртіп пен заңның рөлі туралы кеңінен әңгімелеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар жастардың күнделікті өмірде кездесетін қауіп-қатерлердің алдын алу, әлеуметтік желідегі жауапкершілік, жеке қауіпсіздік сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу соңында студенттер қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасу арқылы өз ой-тұжырымдарын ортаға салды.
Мұндай шаралар жастардың азаматтық белсенділігін, саналы тәртібін арттырып, заң мен тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар