Гуанси университетімен жаңа жобалар жасалады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Гуанси мемлекеттік басқару институтының делегациясы жұмыс сапарымен келді. Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен академиялық мобильділікті кеңейтіп, бірлесіп жүргізіп отырған зерттеулерге тоқталды.
Сонымен қатар ҚазҰУ Орталық Азияда халықаралық ғылыми экожүйені қалыптастыру алаңы ретінде танымалдылығын арттырып отырғанын, қазақстандық және қытайлық әріптестер арасындағы бірлескен жобалар мен алмасу бағдарламаларын іске асырудағы университеттің белсенділігін атап өтті.

Гуанси мемлекеттік басқару институтының вице-президенті Цуй Сяолинь институттың мемлекеттік басқару және қоғамдық саясат саласында мол тәжірибесі барын жеткізді. Университет аймақтық әлеуметтік басқару, жер қатынастары, экологиялық және «жасыл» даму салалары бойынша зерттеулерді белсенді жүргізеді. Ол әлемнің 280-нен астам университетімен халықаралық ынтымақтастық орнатқан. Келіссөз соңында университет өкілі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен өзара қарым-қатынастарды кеңейткісі келетінін білдірді. Ол екі университеттің аймақтық және халықаралық басқаруды дамытудағы ортақ мақсаттарын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік басқару мен аймақтық дамуға арналған кадрлар даярлайтын білім беру бағдарламаларының маңыздылығын атап көрсетті.

Кездесу қорытындысында алдағы жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарын әзірлеу, академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту, бірлескен зертханалар құру және екі елдің инновациялық дамуына үлес қосатын ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар