Жапониялық компаниямен жаңа технологиялар дамытылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жапониялық Cyberdyne Inc. компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Делегация құрамында компанияның бизнесті дамыту жөніндегі аймақтық менеджері Банистер Анак пен сату және бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Базархан Какимов бар.
Тараптар инновациялық технологиялар, медицина, робототехника салалары бойынша серіктестікті арттыру мәселесін жан-жақты талқылады.

Жансейіт Түймебаев қонақтарды қарсы алып, ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті, инженерия және медицина бағыттары бойынша зерттеу орталықтарының жұмысы туралы ақпарат берді. Ректор CYBERDYNE INC. компаниясының арнайы орталығын ҚазҰУ базасында ашу туралы ұсыныс білдіріп, бұл бастама білім мен ғылымның тоғысындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар өз сөзінде Жансейіт Түймебаев робототехника бағыты бойынша ҚазҰУ жапониялық компаниямен ортақ ғылыми жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде Банистер Анак компанияның әлемдік деңгейде мойындалған жоғары технологиялық әзірлемелерін таныстырып, университетпен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар