Фудан университетімен келісім жасалдыFarabi University

Фудан университетімен келісім жасалды

18 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Фудан университетінің делегациясы (ҚХР) жұмыс сапарымен келді. Жүздесуде ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов оқу орнының Қазақстандағы жетекші зерттеу университеті ретіндегі қызметіне тоқталып, білім ордасының халықаралық байланыстары туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар Еркін Ерманұлы қытайлық әріптестерге ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарды жеткізді. Атап айтқанда: бірлескен зерттеу жобаларын кеңейту, кадр даярлау саласындағы әріптестікті нығайту, «Жасанды интеллект», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Үлкен деректер», «Материалтану», «Робототехника» және басқа да бағыттар бойынша бакалавриат, магистратура және PhD деңгейінде жаңа қос дипломды бағдарламаларды ашу.

Делегация басшысы – Фудан университетінің шетелдік студенттермен жұмыс жөніндегі офисінің директоры Су Куй білім ордасының әлемдік рейтингтердің көшбасшылары қатарына кіретінін, химия, инженерия, биология және цифрлық технологиялар салаларында көптеген зертханалары мен орталықтары бар екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Big Data, химия, инженерия, фармацевтика, жасанды интеллект және басқа да заманауи бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын дамытуға, студенттер, аспиранттар және оқытушылар алмасуына ерекше қызығушылық танытты.

Кездесу соңында ҚазҰУ мен Фудань университетінің Ұлттық университеттік технопаркі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл бағдарламалық құжат ынтымақтастық бағыттарын айқындады. Олардың қатарында бірлескен зертханалар мен инновациялық хабтар құру, зерттеушілер мен студенттердің стартап бағдарламаларға қатысуы, технологияларды трансферлеу, патенттеу және жобаларды коммерцияландыру бойынша бірлескен жұмыс бар. Сондай-ақ хакатондар мен халықаралық форумдар ұйымдастыру, инновациялар мен кәсіпкерлік бойынша бірлескен білім беру курстарын әзірлеу көзделген.

​​​​​​​Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі