ТДМ № 3, 4, 16: «Өмір – ең жақсы құндылық» тақырыбында семинар өтті
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Сана» зияткер жастар мектебі» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Өмір – ең жақсы құндылық» жобасы аясында маңызды семинар өтті. Іс-шара META университетінің коворкинг залында (мекенжайы: Төлеби көшесі, 109Б) өткізілді.
Семинарға Алматы қаласының жоғары оқу орындарында жастармен жұмыс істейтін декан орынбасарлары қатысты. Кездесу барысында қатысушылар «Суицидтің алдын алу», «Жаман әдеттердің алдын алу», «ЖЖБИ сырқаттанушылығының алдын алу» және «Жыныстық тәрбие» тақырыптарын талқылады.
Шараның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарында жастардың психикалық және физикалық денсаулығына кері әсер ететін қауіп факторлары туралы ақпараттандыру, сондай-ақ алдын алу шаралары бойынша теориялық және практикалық білім беру болды.
Семинарда мамандар жастар арасындағы өзекті мәселелердің себептері мен салдарын талдап, оларды шешудің тиімді әдістерін ұсынды. Қатысушыларға жастармен тікелей жұмыс кезінде қолдануға болатын практикалық құралдар мен әдістемелер таныстырылды.
Іс-шара нәтижесінде декан орынбасарлары жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығын арттыруға және қауіптің алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтуге ниет білдірді.
«Өмір – ең жақсы құндылық» жобасы алдағы уақытта да жастар арасында өмірге құндылықпен қарауды және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды жалғастырады.


Басқа жаңалықтар