Бельгиялық делегация ҚазҰУ жетістіктерімен таныстыFarabi University

Бельгиялық делегация ҚазҰУ жетістіктерімен танысты

19 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Бельгиядағы Гент университетінің ректоры Петра де Суттер ханым бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.

Жүздесуде ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құрметті қонақтарға оқу ордасының соңғы жетістіктерін таныстырып, университеттің Бельгия ЖОО-лары арасындағы серіктестік жаңа бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Гент университетінің ректоры Петра де Суттер жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты күшейтуге қызығушылық танытты. Ол ғалымдар арасындағы байланыстарды нығайту, жас зерттеушілерге арналған қосдипломды бағдарламаларды дамыту қажет екенін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар екі университет арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын тереңдету, ортақ зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және оқытушылар мен студенттер алмасу мәселелерін жан-жақты талқылады.

Келіссөз жүргізген тараптар алдағы уақытта нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниет білдірді.

Жүздесуден соң делагация мүшелері үшін арнайы тур ұйымдастырылып, университеттің ғылыми инфрақұрылымы таныстырылды. Құрметті қонақтар ҚазҰУ базасында жаңадан ашылған ғылыми орталықтар мен зерханаларды көріп, оқу ордасының ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалардың нәтижесімен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі