ҚазҰУ-да қырғыз ақынының жинағы таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қырғыз ақыны Мелис Маматжановтың «Дерексіз дүние» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті. Іс-шараны журналистика факультеті мен Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы Ош мемлекеттік университетімен ынтымақтастық аясында ұйымдастырды.
Әдеби іс-шараға елге белгілі әдебиет және академиялық қауым өкілдері қатысты.
Жиынды журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай құттықтау сөзбен ашып, Мелис Маматжанов «Жылдың үздік ақыны» фестивалінің лауреаты, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Бес ақын» жобасының қатысушысы, «Жүсіп Баласағұн» төсбелгісінің иегері және бірқатар беделді байқаулардың жеңімпазы екенін атап өтті. Декан сондай-ақ Мелис Маматжанов өлеңдерінің шекара асып, түрлі ел оқырмандарының жүрегіне жол тауып отырғанына ерекше тоқталды.

Өз сөзінде ақын Мелис Маматжанов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, әдебиеттің ұлттық өзіндік сананы қалыптастырудағы және мәдени дипломатиядағы рөлі туралы ойымен бөлісті.
Кездесу барысында қонақтар ақын шығармашылығымен, қазақ тіліне аударылған өлеңдерімен кеңінен танысты.

Сонымен қатар кездесуде Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы бас консулының орынбасары Чолпон Исанаева, «Мурас» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Манас Ташыбеков, ақын-аудармашы Алмат Исәділ, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі, «Тұлға – Достық» қоғамдық қорының директоры, ақын Шоқан Мұратхан сөз сөйлеп, ақын шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.

Қырғыз ақынының кітабы төрт тілде жарық көрді: қырғыз, қазақ, түрік және өзбек тілдерінде. Кітапқа алғы сөзді Қырғыз Республикасының халық жазушысы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев жазды.

Қатысушылар Мелис Маматжановты Қырғыз елінің талантты жас ақыны ретінде атап, шығармашылық ізденісі мен белсенді қоғамдық қызметін жоғары бағалады. Сондай-ақ ақынның түркі дүниесі мәдениетін дамытуға және қырғыз әдебиетін шетелде насихаттауға қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар