Профессор Минал Дінейханға арналған семинар өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде теоретикалық және ядролық физика саласында ғылыми мектеп қалыптастырған көрнекті ғалым, профессор Минал Дінейханның 75 жылдығына арналған ғылыми семинар өтті.
Іс-шара профессордың құрметіне арналған мемориалдық экспозицияның салтанатты ашылуымен басталды. Экспозицияда оның ғылыми жолының негізгі кезеңдері, еңбектері және отандық физиканың дамуына қосқан үлесі көрсетілді.

Семинар жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР ЭМ Ядролық физика институты, ҚР ҰҒА Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының және Біріккен ядролық зерттеулер институты, Моңғолия ғылым академиясының өкілдері, сондай-ақ физика-техникалық факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, профессор Минал Дінейханның отандық ғылымға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Бірінші проректор сондай-ақ ғалымның отандық теориялық физиканың негізгі тұлғаларының бірі, халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалғанын баса айтып, оның идеялары мен зерттеулері Қазақстан, Моңғолия және халықаралық ғылыми жобаларда іске асырылып келе жатқанына тоқталды.



Іс-шарада Қазақстан, Моңғолия және Ресейдің жетекші ғалымдары мен басшылары да сөз сөйледі. Атап айтқанда: ҚР ЭМ ЯФИ бас директоры Саябек Сақиев, Қазақстан ҰҒА вице-президенті Дидар Батрышев, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ вице-президенті Рүстем Манатбаев, ҚР ЭМ ЯФИ профессоры Насұрллы Бөртебаев, Моңғолия ғылым академиясының академигі Делеаг Сангаа және т.б. Олар профессор Минал Дінейханның отандық теориялық физиканың дамуына қосқан зор үлесін, халықаралық деңгейдегі беделін және оның ғылыми мектебінің бүгінге дейін жалғасып келе жатқан идеялары мен тәсілдерінің маңызын ерекше атап өтті.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар