OFM Antalya клиникасымен ортақ жобалар іске асадыFarabi University

OFM Antalya клиникасымен ортақ жобалар іске асады

21 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркиядағы OFM Antalya жекеменшік ауруханасының негізін қалаушы және бас директоры Тургай Бирсёзбен кездесу өткізді.

Жүздесу барысында тараптар медицина саласындағы ынтымақтастықты дамыту және студенттер мен жас зерттеушілерге клиникалық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін талқылады.

Екіжақты келіссөздің нәтижесінде ҚазҰУ мен OFM Antalya ауруханасы өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Құжат оқу ордасы студенттерінің Түркиядағы жетекші медициналық орталықта тәжірибеден өтуіне, оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыруға, сонымен қатар медицина бағытында ортақ ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ үшін OFM Antalya медициналық орталығымен әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ректор өз сөзінде ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары аясында жаңа университеттік емхана бой көтеретінін жеткізді.

Өз кезегінде Тургай Бирсёз ҚазҰУ-мен серіктестікке ықыласты екенін білдірді. Ол университеттің академиялық және ғылыми әлеуетін жоғары бағалайтынын айтып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі