Экофорум жеңімпаздары марапатталдыFarabi University

Экофорум жеңімпаздары марапатталды

25 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Farabi GreenCampus: таза университет» экологиялық жастар форумы өтті.

Форум университеттің бес факультетінің белсенді студенттерін экологиялық бастамаларды бірлесе дамытуға жұмылдырды.
Шараның мақсаты – жасанды интеллектті экологиялық бастамалармен ұштастыра отырып «жасыл» идеяларды ілгерілету, жастардың жобалық жұмыстарға қатысу белсенділігін арттыру және экологиялық тұрақты кампус моделін қалыптастыру.

Бірінші кезең факультеттер бойынша іріктеу форматында өтті. Қатысушылар өз стартап жобаларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және практикалық экологиялық бастамаларын таныстырды. Жеңімпаздар бейнепрезентациялар нәтижесі бойынша анықталды.

География және табиғатты пайдалану факультеті бойынша I орынды «EcoMap Campus» жобасының авторы, 1-курс докторанты Ұлан Мұхтаров иеленді.

Химия және химиялық технология факультетінде I орын «Қайта өңделген қағаз қалдықтарынан алынған КМЦ негізіндегі биологиялық ыдырайтын полимерлі үлдірлер» жобасына берілді. Авторы – 2-курс студенті Ілияс Әмірәлі.

Биология және биотехнология факультетінде «Аралау: тозаңдатушыларды қолдау және сақтау үшін кампусты экологиялық көгалдандыру» атты жоба үздік деп танылды. Авторлары: 3-курс докторанты Ислам Ғалымжанов, 3-курс студенті Сымбат Жанбасбаева және 2-курс магистранты Руслан Нұрханов.

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде I орын 4-курс студенті Нұрдәулет Измайловтың «SmartEcoBox» жобасына берілді.

Физика-техникалық факультетінде I орынды 4-курс студенті Айболат Сембиевтің «Eco-Campus» жобасы жеңіп алды.

«ЖИ және жасыл болашақ» стартап-конкурсына экология, цифрлық технологиялар және ЖИ саласын тоғыстырған 12 команда қатысты. Қатысушылар университет аумағының экологиялық мониторингі, қалдықтарды басқару, ресурстарды тиімді пайдалану және жасанды интеллектті экологиялық процестерде қолдану сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

«ЖИ және жасыл болашақ» видеоролик байқауына 31 білім алушысы қатысып, экология, цифрлық мәдениет, жасанды интеллект және университеттің жасыл инфрақұрылымын дамытуға арналған авторлық видеороликтерін ұсынды. 1-орынды  Прокудин Даниил және Әбдімәлік Амантай жеңіп алды.

Форум жеңімпаздарын ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан Басқарма мүшесі –әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров салтанатты түрде марапаттады.

Жиын барысында факультеттер бойынша жүлдегер атанған 30-дан астам студенттік жоба авторлары атап өтілді. Биылғы форумға ұсынылған жұмыстар жоғары деңгейдегі пәнаралық көзқарасты, инновациялық ойлауды және айқын экологиялық бағдарды көрсетті. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйақылар табысталды.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі