ҚазҰУ мен Чеджу ұлттық университеті академиялық диалогты нығайтудаFarabi University

ҚазҰУ мен Чеджу ұлттық университеті академиялық диалогты нығайтуда

25 қараша, 2025

Оңтүстік Кореяның Чеджу университетінің ұйымдастыруымен Орталық Азия мен Моңғолия елдерінің жоғары білім беру мәселелеріне арналған халықаралық семинар өтті.

Семинарға Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан университеттерінің басшылары мен академиялық өкілдері, сондай-ақ Моңғолия Парламентінің мүшелері қатысып, талқыланған мәселелердің стратегиялық маңызын айқындады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан семинарға Басқарма мүшесі, ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, Шығыстану факультетінің деканы Мырзахан Эгамбердиев және Қиыр Шығыс кафедрасының доценті А.Е. Белялова қатысты. ҚазҰУ делегациясының қатысуы университетке халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге және шетелдік жоғары оқу орындарымен жаңа серіктестік бағыттарын бастауға мүмкіндік берді.

Семинардың негізгі нәтижелерінің бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Чеджу ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның қабылдануы болды. Бұл құжат екі университеттің академиялық және мәдени алмасуды нығайтуға, сондай-ақ ғылыми әлеуетті бірлесе дамытуға бағытталған стратегиялық әріптестік қатынастарын институционалдандырды. Келісім тараптардың студенттер мен оқытушылардың академиялық және ғылыми алмасуын ұйымдастыруға,  бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және тәжірибеге негізделген оқыту бағдарламаларын дамытуға мүдделі екендігін айқындайды.

Меморандумда барлық бірлескен жобалар мен бағдарламалардың жыл сайын жазбаша түрде келісілетіні көрсетілген, бұл ынтымақтастықтың жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тараптар әр бағыт бойынша үйлестіруді жүзеге асыратын жауапты өкіл тағайындауға келісті.

Аталған меморандумның қабылдануы екі университет үшін ғана емес, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы халықаралық академиялық өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңін бастап, ғылыми-инновациялық интеграцияны тереңдетуге мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі