ТДМ №16: Радикалдық идеологияның алдын алу мәселелері талқыланды
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде 1–2 курс студенттерінің қатысуымен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Шара университеттің Тұрақты даму бағдарламасы аясында өткізіліп, жас ұрпақ арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және экстремизмнің алдын алу бағытындағы кешенді жұмысқа үлес қосуды мақсат етті.
Іс-шараға ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты, полиция подполковнигі Ақтолқын Айтханқызы Амреева шақырылып, «Заң мен тәртіп: жастарды радикалдық идеологиядан қорғау» атты мазмұнды дәріс ұсынды. Спикер еліміздегі құқықтық саясаттың қазіргі басымдықтары, радикалдық идеологияның таралу жолдары, жастарды түрлі қауіптерден қорғау тетіктері жөнінде ғылыми негізделген ақпарат беріп, құқықтық мәдениеттің қоғам өміріндегі рөліне кеңінен тоқталды.
Дәріс барысында студенттер діни ахуалдың өзекті мәселелері, деструктивті ағымдардың ықпал ету тәсілдері, құқықтық нормаларды бұзудың салдары мен жауапкершілік түрлері жөнінде толыққанды мәлімет алды. Сонымен қатар қатысушылар «Қандай белгілер күмән тудырады?», «Қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету керек?», «Құқық қорғау органдарының жастармен жұмысы қалай жүргізіледі?» сияқты сұрақтарына кәсіби әрі фактіге негізделген жауаптар алды.
Кездесу диалогтық форматта өтіп, студенттер өз пікірлерін ортаға салып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудағы азаматтық жауапкершілік маңызы жөнінде талқылауға белсенді қатысты. Дәріс жас буын өкілдерін саналы азаматтық ұстаным қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, ақпараттық қауіпсіздікке мән беруге бағытталған маңызды білім алаңы болды.
Іс-шараны А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының эдвайзерлері – Назыкен Егізбаева, Жанат Сәрсенбай, Сымбат Игілікова және Мөлдір Хамитова – ұйымдастырды. Олар студенттердің құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Кездесу университеттің білім беру процесінде тек академиялық біліммен ғана емес, сонымен бірге қоғамдық жауапкершілік, құқықтық мәдениет және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға басымдық беретінін тағы бір мәрте айқындады.

Басқа жаңалықтар