Өзбекстан ұлттық университетімен ғылыми байланыс жанданады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Ташкент қаласындағы Өзбекстан ұлттық университетіне жұмыс сапарымен барды. Делегацияны Өзбекстан ұлттық университетінің ректоры Ином Мажидов қабылдады.
Кездесу барысында екі университет арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың жаңа кезеңдері, соның ішінде ғылым, білім және өндірісті интеграциялау аясында жүзеге асырылатын стратегиялық бағыттар талқыланды.

Тараптар екі жоғары оқу орны арасындағы өзара әріптестікті нығайту бойынша келесі қадамдарды анықтады. Университет басшылары соңғы жылдары профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер алмасу және бірлескен ғылыми қызмет айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Сонымен қатар көрсетілген бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.

Кездесу барысында ортақ ғылыми жобаларды кеңейту, жас ғалымдар мен зерттеушілерді алмастыруды жетілдіру, бірлескен ғылыми жарияланымдар мен конференциялар өткізу мүмкіндіктері пысықталды. Сондай-ақ археология, тарих, биология және геология сияқты басым бағыттар бойынша бірлескен экспедицияларды өткізу мәселелері қаралды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар