ҚазҰУ суперкомпьютері энергетика саласында пайдаланылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияспен кездесті.
Жүздесуде білікті мамандар даярлау, кадрлық әлеуетті арттыру, отын-энергетика кешенінде ортақ ғылыми жобаларды іске асыру және индустриялық-технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселелері қарастырылды. Келіссөз барысында ҚазҰУ мен ҚР Энергетика министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Келісім аясында ҚазҰУ базасында отын-энергетика кешені саласына арналған технологиялық құзыреттілік жөніндегі салалық орталық құрылады. Аталған орталық индустриялық және энергетикалық технологиялар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу, қолданбалы шешімдер әзірлеу үшін платформа қызметін атқарады. Сондай-ақ тараптар ҚазҰУ суперкомпьютерінің қуатты есептеу инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндігін келісті. Жоғары технологиялық құрылғы күрделі технологиялық және өндірістік процестерді модельдеуге, жасанды интеллект модельдерін сынауға және ӨЭК-ті цифрландыру мен жаңғырту міндеттеріне арналған талдамалық құралдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жансейіт Түймебаев вице-министрге ҚазҰУ-дың жетістіктерін таныстырып, жасалған келісім энергетика саласындағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін жеткізді. «ҚазҰУ ғалымдары химия, математика, физика салалары бойынша озық технологияларды және инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Алдағы уақытта аталған салалар бойынша әріптестік байланыс орнатып, ортақ жобаларды іске қосуға болады», – деді ректор.

Өз кезегінде ҚР энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс ҚазҰУ-дың еліміздегі ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті. «Университеттің ғылыми әлеуеті мен материалдық-техникалық базасы ірі бастамаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Бірлескен жұмыстар саланың стратегиялық дамуына айтарлықтай үлес қосады», – деді вице-министр.

Кездесу барысында тараптар ортақ жұмыс тобын құрып, алдағы кезеңге арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге уағдаласты.
Сапар соңында вице-министр ҚазҰУ-дың ғылыми орталықтарын аралап, университеттің суперкомпьютер кешенінің жұмысымен, оның энергетика саласындағы қолдану мүмкіндіктерімен танысты.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі