ҚазҰУ сингапурлық компаниямен цифрлық жобаларды іске асырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сингапурдағы AstraSec PTE Ltd. компаниясының басқарма төрағасы Фрэнк Люды қабылдады.
Кездесу барысында тараптар университет пен халықаралық компания арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе цифрлық қауіпсіздік, ақпараттық технологиялар және инновациялық жобаларды енгізу саласындағы бірлескен жобаларға ерекше көңіл бөлінді.


Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды қарсы ала отырып, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымын таныстырды. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ Сингапур ЖОО-лары және компанияларымен серіктестікті арттыруға мүдделі екенін жеткізді. «AstraSec PTE Ltd. компаниясының орталығын ҚазҰУ базасында ашуды ұсынамын. Бұған екі жақтың да мүмкіндігі жетерлік. Аталған орталық бірлесіп білікті мамандарды даярлауға, ғылыми инновациялық жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік береді. Бұл бағытта ҚазҰУ-дың тәжірибесі мол», – деді ректор.

Өз кезегінде AstraSec PTE Ltd. компаниясының басқарма төрағасы Фрэнк Лю ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, компанияның негізгі қызметі туралы мәлімет берді. «Компания технология саласы бойынша 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. ҚазҰУ-мен көпжылдық әріптестік байланыс орнатуға ниеттіміз. Университетте орталық ашу туралы бастаманы қолдаймыз», – деді компания басшысы.

Жүздесу соңында тараптар қарым-қатынасты нығайту және нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға ниет білдірді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі