ҚазҰУ ректоры Еуразия форумында университеттің жаңа бастамаларын таныстырдыFarabi University

ҚазҰУ ректоры Еуразия форумында университеттің жаңа бастамаларын таныстырды

28 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ташкентте өткен «Еуразияның жоғары білім беру жүйесінің Шығыс пен Батысты тоғыстырудағы рөлі» атты  халықаралық форумында баяндама жасап, өңірлік білім беру интеграциясы мен университеттің жаһандық даму бағыттарын таныстырды.

Сессияны QS ұйымының аймақтық директоры Сергей Христолюбов жүргізді. Пікірталасқа Қазақстан, БАӘ, Әзірбайжан және Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев Алматының Орталық Азиядағы маңызды ғылыми-оқу орталығына айналып келе жатқанын атап өтті. «ҚазҰУ миссиясы – Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болумен шектелмей, жаңа идеялар мен интеграциялық модельдер ұсынатын өңірлік бастамашыл университетке айналу», – деді ректор.

Университет басшысы оқу орнының жаһандық қатысуын кеңейту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізгенін алға тартты. Бүгінде ҚазҰУ-дың білім беру кампустары Бішкекте (Қырғызстан), Омбыда (Ресей) және Ыстамбұлда (Түркия) табысты жұмыс істейді. Ал Алматыдағы университет базасында Ресейдің НИЯУ МИФИ және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалдары орналасқан.

Бұл инфрақұрылым ҚазҰУ-дың академиялық желісін күшейтіп, оның білім беру стандарттарын Еуразия кеңістігіне таратуға мүмкіндік беріп отыр.

Жансейіт Түймебаев Еуразияны тек Шығыс пен Батыстың тоғысқан нүктесі емес, толыққанды әлемдік білім беру бағытына айналдыру қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта ҚазҰУ тарапынан өңірдегі жетекші университеттерді біріктіретін «Глобал таланттарды даярлау жөніндегі Еуразиялық университеттер альянсын» құруды ұсынды.

Альянстың негізгі мақсаты – Еуразиядағы жоғары оқу орындарының күшін біріктіру. Бұл бастама арқылы университеттер бірлескен білім және ғылыми бағдарламалар жасай алады. Стартаптарды қолдайтын орта және технология трансфері үшін бірлескен инновациялық хабтар құрылады. Сондай-ақ ол өңірдің ғылым, инновация және цифрлық технологиялар бойынша халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

Ректор университеттің бұл бағыттағы жұмысы басталып кеткенін атап өтті. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Farabi Hub, Технология трансфері орталығы, халықаралық зертханалар, қосдипломды бағдарламалар сәтті жұмыс істеуде.

Университет студенттер мен оқытушыларды жасанды интеллект, цифрлық платформалар және жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйретуді күшейтіп отыр.

Қорытынды сөзде Жансейіт Түймебаев: «Біздің мақсатымыз – алдағы бес-он жылда Еуразияны студенттер, зерттеушілер және инновациялар ағылатын толыққанды академиялық мекенге айналдыру», – деп атап өтті.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі