Қала әкімінің орынбасары ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен таныстыFarabi University

Қала әкімінің орынбасары ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты

2 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы келіп, жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысты.  

 

 

Қала әкімінің орынбасарына Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы көрсетілді. Қазіргі таңда хаб ірі инвестор компанияларымен, ғылыми-зерттеу институттарымен және халықаралық серіктес университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған зертханаларда түрлі салаларда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар әзірленуде. Орталықтың негізгі мақсаты – ҚазҰУ зерттеушілерінің ғылыми жаңалықтары мен идеяларын нақты экономикаға енгізуді жеделдету, инновацияларды коммерцияландыру үдерісін күшейту.

Кейін Абзал Нүкенов германиялық KUKA роботтары қойылған Өндірістік робототехника және инженерлік компетенция орталығына барды. ҚазҰУ робототехниканы белсенді дамыта отырып, Қазақстандағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретінде танылып отыр. Университетте зияткерлік жүйелерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарын және автоматтандырылған өндірістік шешімдерді құруға негізделген зерттеулер іске асырылуда.

Қала әкімінің орынбасары  Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника орталығында болды. Мұнда студенттер өндірістің барлық процестерін сандық ортада үйренеді. Сонымен қатар күрделі автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуге дағдыланады. Орталықтың жалпы ауданы 600 шаршы метрді құрайды. Мұндағы бес инновациялық платформа заманауи өндіріс пен жасанды интеллект негізінде құрылған және интеллектуалды роботтармен жұмыс істеуге арналған кешендерден тұрады.

ҚазҰУ-ға сапары барысында Абзал Нүкенұлына университет базасындағы суперкомпьютердің қызметі мен мүмкіндігі таныстырылды. Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің бірі саналатын жоғары технологиялық құрылғы Қазақстанның жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттігін арттырып қана қоймай, отандық инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді. ІТ және жасанды интеллект саласында білікті кадрларды даярлауға мол мүмкіндік береді. Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс. Архитектурасы Intel Xeon 6330N компаниясының 400-ден астам серверлік процессорынан тұрады.

Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов география және табиғатты пайдалану факультетіне барып, қоршаған ортаны қорғау, топырақтың құнарлығын жақсарту, құрғақшылықтың алдын алу, судың сапасын арттыру бағытында ҚазҰУ ғалымдары жүргізіп жатқан ғылыми жобалардың нәтижесімен танысты.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі