Академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған семинар өттіFarabi University

Академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған семинар өтті

4 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған «Ғылым персонологиясы: Е.Бөкетовтің тілдік тұлға тұжырымдамасынан – қазіргі түркі-славян зерттеулеріне дейін» атты халықаралық ғылыми-білім беру семинары өтті.

Айтулы шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қоғамның рухани жаңғыру жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан – эпикалық мәтінге дейін» жобасы бойынша гранттық қаржыландыру аясында ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – академик Евней Бөкетовтің ғылыми мұрасын ғылым персонологиясы мен оның тілдік тұлғасы тұрғысынан талдау және қазіргі түркі-славян зерттеулері аясында ғалымдарды ортақ алаңда біріктіру.

Семинар жұмысын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен Фараби кітапханасы бірлесе ұйымдастырды. Жиынды Түркология және алтаистика ҒЗИ атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова жүргізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың семинар қатысушыларына арналған құттықтауын Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов жеткізді. «Евней Арыстанұлы Бөкетовтің есімі отандық ғылым тарихына академиялық дәстүрдің символы, ғалым тұлғасының ғылыми мектебін қалыптастыруы және гуманитарлық білімнің даму траекториясын айқындауының үлгісі ретінде мәңгілікке жазылды», – делінді құттықтауда.

Келесі кезекте ҚарҰЗУ-дың Шетел филологиясы кафедрасының профессоры Нұрсұлу Бөкетова ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Шара барысында ғалымның «Ғылым персонологиясындағы тілдік тұлға: академик Е.А.Бөкетов дискурсының талдауы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Академик Евней Бөкетовтің өмірі мен ғылыми қызметі туралы бейнефильм көрсетілгеннен кейін семинар белгілі ғалымдар баяндамасымен жалғасты. Олардың қатарында Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың қауымдастырылған профессоры, шетел тілдері факультетінің деканы Альфия Китибаева, гуманитарлық ғылымдар магистрі, ҚарҰЗУ-дың Шетел филологиясы кафедрасының аға оқытушысы Дариға Мұқанова, тарих ғылымының кандидаты, профессор, МАИН академигі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры Меңдіғаным Шаймерденова және басқа да ғалымдар бар.

Семинар «Ғылымдағы тұлға» тақырыбындағы қорытынды талқылаумен аяқталды. Оған Қазақстан, Өзбекстан және ҚХР-дың белгілі филологтары, түркологтары мен лингвистері қатысты.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі