Erasmus+ LESLIE бойынша жаңа бағыттар белгілендіFarabi University

Erasmus+ LESLIE бойынша жаңа бағыттар белгіленді

5 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Erasmus+ бағдарламасының LESLIE – «Land Management, Environment & Solid-Waste: inside education and business in Central Asia» халықаралық жобасының жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараға Еуропа мен Орталық Азияның жетекші университеттері, ғылыми орталықтары және мемлекеттік құрылымдары қатысты. Жоба Испания, Италия, Кипр, Қазақстан және Өзбекстанның 14 серіктесімен, екі елдің салалық министрліктерінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

Кеңесті Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Есбол Өміржанов ашып, университеттің LESLIE жобасын экология, жер ресурстарын басқару және қалдықтарды өңдеу салаларында озық халықаралық тәжірибені интеграциялау және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға арналған маңызды платформа деп қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің жетекші университеттері мен сараптамалық ұйымдарының қатысуы кешенді экологиялық мәселелерді шешуге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. LESLIE жобасы – сапалы білім (ТДМ 4), қолжетімді және таза энергия (ТДМ 7), тұрақты қалалар мен елді мекендер (ТДМ 11), жауапты тұтыну және өндіріс (ТДМ 12), климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл (ТДМ 13) және құрлық экожүйелерін сақтау (ТДМ 15) сияқты Тұрақты даму мақсаттарының іске асуына үлес қосады.

Пленарлық отырыста Erasmus+ Ұлттық офисінің үйлестірушісі Ләззат Палуанова жобаның Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы академиялық әріптестікті күшейтудегі маңызын атап өтті. Ол LESLIE жобасы микробіліктіліктерді енгізу, цифрлық құралдарды дамыту және білім берудің инновациялық модельдерін кеңейтуге ықпал етіп отырғанын жеткізді. Жоба үйлестірушісі Хавьер Родриго-Иларри барлық серіктестердің үйлесімді жұмысы тұрақты нәтижелерге қол жеткізудің негізгі алғышарты екенін тілге тиек етті.

Кеңес барысында қатысушылар Astana IT University бірінші проректоры Серік Өмірбаев таныстырған микробіліктіліктерді әзірлеу тәжірибесін талқылап, жобаның негізгі жұмыс бағыттары – басқару, сапаны қамтамасыз ету, оқу модульдерін әзірлеу, онлайн құралдарды жасау және нәтижелерді тарату механизмдері егжей-тегжейлі талқыланды. Әрбір секция ашық пікірталастар арқылы жүргізіліп, өзекті міндеттер анықталып, алдағы қадамдар нақты бекітілді.

Бағдарламаның жеке блогы топтық жұмысқа арналды. Университет өкілдері микроквалификацияларды әзірлеу критерийлерін және LESLIE каталогының құрылымын пысықтап, тәжірибелік талқылаулар жүргізді. Қорытынды нәтижесінде аралық жұмыстың негізгі нәтижелері айқындалып, 2026 жылға арналған қызмет бағыттары белгіленді.

Шара соңында тараптар табиғи ресурстарды тұрақты басқару және экологиялық қауіпсіздік салалары үшін білікті мамандар даярлауға арналған білім беру тәжірибелерін дамытуға ниет білдірді. Екі күнге жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар ҚазҰУ-дың тарихы және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен де танысады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі