Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының ректоры Никита Гусев бастаған делегациямен кездесті.
Келіссөз аясында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат серіктестіктің жаңа кезеңін айқындауға жол ашады. Бүгінге дейін ҚазҰУ мен Мемлекеттік орыс тілі институты әріптестік байланыс орнатып, ортақ жобаларды іске асырып келеді. Алдағы уақытта да қос тарап келісім шеңберінде ғалымдар алмасып, кітапханалардағы кітап қорымен бөлісіп, филология бағытында ғылыми ізденістер жүргізеді.

Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға ҚазҰУ-дың соңғы жетістіктерін таныстырып, білім ордасының ресейлік жоғары оқу орындарымен серіктестігі қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Өз сөзінде ректор ортақ симпозиумдар, конференциялар, кездесулер өткізу туралы ұсынысын ортаға салды.

Өз кезегінде А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының ректоры Никита Гусев ілтипат көрсеткені үшін ҚазҰУ ұжымына ризашылық білдіріп, айтылған барлық бастамаларды қолдайтынын айтты. «ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты жандандыруға ниеттіміз. Бүгінгі қол қойылған меморандум болашақта екі тараптың серіктестігін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларын институтта өтетін жазғы мектепке шақырамыз. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ келесі жылы А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институтының құрылғанына 60 жыл толады. Осы айтулы датаға орай, ҚазҰУ делегациясын ғылыми конференцияға қатысуға шақырамын», – деді құрметті қонақ.

Кездесу барысында тараптар академиялық байланыстарды кеңейту, ғылыми-зерттеу саласындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселесін талқылады.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар