ҚазҰУ Алматының ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосады
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қаладағы жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесіп, білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және жастардың қоғамдық, инновациялық және экологиялық өмірге белсенді қатысу мәселелерін талқылады.

Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қатысты. Алматы – еліміздің ең ірі білім орталығы: қалада 35 ЖОО бар, онда 211 мыңнан астам студент білім алады, олардың 131 мыңы облыстардан келген, ал 14 мыңнан астам оқытушы қаланың интеллектуалды әлеуетін қалыптастырады.

«Университеттер – Алматының интеллектуалды болашағын айқындайтын стратегиялық серіктестер. Білім сапасы жастардың бәсекеге қабілеттілігін анықтаса, біз қалыптастыратын құндылықтар қоғамның тұрақтылығы мен инновациялық әлеуетіне әсер етеді», – деді Абзал Нүкенов.

Кездесу барысында студенттік бастамаларды қолдау, волонтерлік және «Таза Қазақстан» сияқты экологиялық жобаларға қатысу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар қаланың Ғылым және технологиялар кеңесінің жұмысы, ғылыми-зерттеу топтарын біріктіру арқылы ғылым мен технологияны дамыту талқыланды.

Кездесудің қорытындысы бойынша жаңа жобаларды әзірлеу және Алматының ғылыми әлеуетін нығайту үшін жұмыс тобы құрылып, ЖОО мен қала құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар