ҚазҰУ ғалымдары ЖИ бойынша тәжірибе алмасты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының бір топ ғалымдары мен студенттері Ыстамбұлдағы Бахчешехир университетінде ғылыми-практикалық іс-шараға қатысты.
Сапар «Жасанды интеллект және IIoT технологияларын қолдана отырып, тамақ өңдеу кәсіпорнының цифрлық егізін жасау» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты ғылыми-білім беру саласындағы өзара пайдалы жобаларды бірлесіп іске асыру, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу болды. Курстың пікірталас форматы студенттерге ерекше әсер етті. Қатысушылар цифрлық қауіпсіздік, ақпараттық технологиялар, инновациялық жобалау және өндірістік процестерді басқарудың заманауи тәсілдерін талқылады. ҚазҰУ өкілдерінің белсенді қатысуы олардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етті.

Мамандардың пікірінше, «Цифрлық егіз» (Digital Twin) технологиясы өндіріс процестерін нақты уақыт режимінде модельдеу, анализ және оңтайландыру арқылы кәсіпорындардың тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Өз кезегінде ҚазҰУ делегациясы шетелдік әріптестеріне университеттің соңғы жетістіктерін – жаңадан ашылған ғылыми орталықтар мен зертханаларды, сондай-ақ ғалымдар әзірлеген инновациялық жобалардың нәтижелерін таныстырды. Тараптар алдағы екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады.
Іс-шара ҚазҰУ мен Бахчешехир университетінің ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтып, «Жасанды интеллект және IIoT» сияқты заманауи бағыттар бойынша мамандар даярлау үшін берік негіз қалады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар