Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде Бейжің университеті мен Бейжің әділет органдарының өкілдерімен кездесу өтті. Факультет деканы Уәлихан Ахатов қонақтарды қарсы алып, екі университет арасындағы академиялық байланыстардың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Бейжің муниципалдық юстиция басқармасы Саяси департаментінің директоры Хао Жундун және Бейжің университеті заң факультеті партия комитетінің хатшысы Тан Цзиннань құқықтық білім беру мен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы пікір білдірді.


Бейжің университеті (Beijing University) QS WUR рейтингінде 14-орында, THE WUR рейтингінде 16-орында, ал Қытай Халық Республикасы бойынша 2-орындағы ірі университет.
Басқосуда ҚазҰУ заң факультетінің басшылығы мен жетекші профессорлары құқықтану саласындағы жаңа перспективалар мен ортақ ғылыми бастамаларды талқылады.

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті Бейжің университетінің Құқық институтымен және Бейжің муниципалдық юстиция басқармасымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат студенттер алмасуын, бірлескен ғылыми зерттеулерді, халықаралық жобаларды іске асыруды және құқықтық білім беру бағдарламаларын дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Ресми бөлімнен кейін қонақтар Қазақстан-Қытай халықаралық және салыстырмалы құқық орталығымен, Farabi Hub инновациялық алаңымен, Цифрлық технологиялар және робототехника орталығымен, сондай-ақ Фараби кітапханасының инфрақұрылымымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар