ҚазҰУ-да қайырымдылық жәрмеңкесі өттіFarabi University

ҚазҰУ-да қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

8 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде Халықаралық еріктілер күніне орай, «Мейірімділік мекені» атты  қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараны Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы бірінші курс студенттерінің қатысуымен өткізді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына арналған сессиясында еріктілерді қоғам үшін маңызды күш деп атап, олардың қызметін қолдаудың халықаралық деңгейде маңыздылығына тоқталды. 

Жәрмеңкенің басты мақсаты – әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау, жастар арасында қайырымдылық пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін дамыту, сонымен қатар еріктілік қызметтің маңыздылығын насихаттау. Болашақ заңгерлер өз қолдарымен дайындалған тағамдар мен бұйымдарды ұсынып, жиналған қаржы факультеттің науқас студентіне көмекке аударылды.

Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарымен үндесіп, атап айтқанда: мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, балалардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік теңсіздікті азайту және университет, жастар мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту сияқты бағыттар қамтылды.

Сонымен қатар кафедра оқытушылары мен студенттер жәрмеңке барысында еріктіліктің қоғам өміріндегі рөлі, оның әлеуметтік саясаттағы және құқықтық жүйедегі мәні туралы пікірлерімен бөлісті. Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың жастардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, жауапкершілікті сезінуіне және нақты көмек көрсету мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі