«Болашақтың ғалымдары» жобасы басталдыFarabi University

«Болашақтың ғалымдары» жобасы басталды

8 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға, білім, ғылым және инновациялар саласындағы озық идеяларды ілгерілетуге бағытталған «Болашақтың ғалымдары» халықаралық жобасы басталды.

 

 

Ауқымды шараны Орыс тілі және мәдениеті орталығының директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Сәуле Бегалиева ашты. Ол жобаның ұйымдастырушылары мен серіктестеріне, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарынан келген ғалымдар мен сарапшыларға алғыс білдірді. Қатысушылар қатарында А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институты, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу физика-техникалық институты, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар.

«Мұндай кең ауқымды өкілдік бірлескен ғылыми бастамалардың маңыздылығын растап, академиялық ұтқырлықты, тәжірибе алмасуды және зерттеу жобаларын іске асыруды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті орталық директоры.

Университет басшылығы атынан Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева құттықтау сөз сөйледі. Ол «Болашақтың ғалымдары» жобасының медицина мен биологиядан бастап, физика, математика, гуманитарлық ғылымдар және инновациялық технологияларға дейінгі бағыттарды қамтитын кең ауқымына тоқталды. Бұл жоба жаһандық үрдістер мен тұрақты даму мақсаттарына толық сәйкес келеді.

Шара аясында белгілі ресейлік журналист, ғылымды насихаттаушы, публицист және педагог Григорий Тарсевич «Ғылымды танымал ету әдістері: комикстер мен журналдардан бастап, лекторийлер мен мектептерге дейін» тақырыбында дәріс оқыды.

Жоба шеңберінде студенттерге арналған «Болашақтың ғалымдары» викторинасы, орыс тілін шет тілі ретінде оқыту бойынша Халықаралық сертификаттау орталығының ашылу рәсімі және басқа да іс-шаралар өтті. 

Алдағы екі күн бойы факультеттерде ғалымдармен кездесулер өтеді. Сонымен қатар қатысушылар «Ақпараттық технологиялар шынайылықты қалай өзгертеді?», «Жасанды интеллект: бұл суперқабілетті өз пайдаңа қалай жұмыс істетуге болады?», «IT-стартаптардың позициялануы: шу емес, белгі болу», «Филология – сөз өнері – риторика – сөз мәдениеті: өткен мен бүгіннен болашаққа көзқарас» сынды өзекті мәселелерді талқылайтын болады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі