Адалдық қағидалары түсіндірілдіFarabi University

Адалдық қағидалары түсіндірілді

8 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Адал білім – адал ұрпақ» аймақтық форумы өтті. Жиынның мақсаты – білім беру саласында адалдық мәдениетін нығайту және антикоррупциялық саясаттың елдің тұрақты дамуына ықпалын талдау.

 

 

Форум ҚазҰУ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласы әкімдігі және бірқатар ұйымдардың қолдауымен өтті. Іс-шараға ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева сөз алып, жаңа стандарттарды қалыптастырудағы университет қауымдастығының маңызын атап өтті. «Жоғары білім – адалдық пен кәсіби этиканың тірегі болуға тиіс. Университеттер, мемлекеттік органдар және қоғам бірлесе жұмыс істегенде ғана адалдықты декларация емес, күнделікті тәжірибе ретінде қабылдайтын ұрпақ тәрбиелей аламыз», – деді проректор.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Еркеболат Нұржігітов жастармен тұрақты профилактикалық жұмыс, рәсімдердің ашықтығы және цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтатынын айтты.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек халықаралық стандарттарды ұлттық тәжірибеге бейімдеу қажеттігін атап өтті.

Форумда академиялық этика, мемлекеттік қызметтегі этикалық нормалар, басқаруды цифрландыру, антикоррупциялық саясаттың ұлттық үлгілері және нормативтік актілердің антикоррупциялық сараптамасы сияқты бағыттар қарастырылды.

Шара аясында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Алматы қаласының қоғамдық кеңесі және ҚазҰУ арасында өзара түсіністік туралы меморандум таныстырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі