ТДМ №4: Студенттік декандар және ұйым басшыларымен кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректорының орынбасары, Әлеуметтік-тәрбие департаментінің директоры Жұлдыз Дәпенқызы Есімова университет қабырғасындағы студенттік декандармен, студенттік ұйымдардың жетекшілерімен алғашқы оқу семестрінде атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында арнайы кездесу өткізді.
Жиында алдағы оқу кезеңіне арналған тәрбие бағыттарын жүйелеу, студенттік ортадағы белсенділікті арттыру және университеттегі тәрбие үдерісінің тиімділігін күшейту тақырыбы қозғалды.
Кездесу барысында студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған басым бағыттар талқыланып, бірқатар маңызды мәселелер айқындалды. Атап айтқанда, төмендегі тәрбие бағыттары бойынша жоспарланған жұмыстар сараланды:
· Азаматтық-патриоттық тәрбие
· Рухани-адамгершілік тәрбие
· Зияткерлік тәрбие
· Құқықтық тәрбие
· Еңбек тәрбиесі және кәсіби бағдар беру
· Денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру
· Экологиялық тәрбие
· Студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және әлеуметтік белсенділікті арттыру
Жұлдыз Дәпенқызы тәрбие жұмысының әр бағыты студент тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, студенттік ұйымдардың бастамаларын қолдау, олардың жұмысын үйлестіру және жаңа жобаларды жүзеге асыру қажеттілігіне, бүгінге дейін ұйымдастырылып келген іс-шаралардың бағыттарына тоқталды.
Кездесу барысында студенттік декандар мен ұйым басшылары студент жастардың академиялық, әлеуметтік және мәдени дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жобалар мен іс-шараларды жоспарлап, алдағы оқу жылына қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және университеттегі студенттік экожүйені дамыту мәселелері талқыланды.
Жиын студенттік қауымдастық пен басқарушы құрылымдар арасындағы тиімді коммуникацияны нығайтқан, өзара түсіністік пен серіктестікті күшейтуге бағытталған мазмұнды кездесу ретінде өтті.
Басқа жаңалықтар