ҚазҰУ командасы ғылыми байқауда бірінші орын алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің командасы «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI & Agriculture-2025» республикалық хакатонында бірінші орын алды.
Жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттерден құралған команда жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелерін шешу үшін өз білімдері мен тәжірибелік дағдыларын біріктірді.
«AI-Sana Shakarim Solveathon: AI & Agriculture-2025» – бұл ауыл шаруашылығына арналған қолданбалы AI-шешімдерді әзірлеуге бағытталған үшкүндік ауқымды офлайн-хакатон. Іс-шарада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған студенттер, зерттеушілер және индустрия өкілдері бас қосты.

Хакатон аясында қатысушылар ауыл шаруашылығының жетекші кәсіпорындарынан алынған нақты кейстермен жұмыс істеп, интеллектуалды суару жүйелері, топырақты мониторингтеу, арамшөптерді лазерлік жолмен жою және агропроцестерді автоматтандыру бағыттарында жобалар әзірледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы қойылған міндеттерді сәтті орындап, Computer Vision, Data Science және AI-модельдеу салаларындағы жоғары құзыреттілік, инженерлік мәселелерді шешудегі жүйелі тәсіл, әзірленген прототипті нақты өндіріске енгізуге дайындық бағыттары бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен ҚазҰУ командасы хакатонның жеңімпазы деп танылып, 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды.
Бұл жетістік университеттегі IT-мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін және жастардың зор ғылыми әлеуетін айқын көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар