Сыбайлас жемқорлықпен күрестің цифрлық тәсілдері қаралдыFarabi University

Сыбайлас жемқорлықпен күрестің цифрлық тәсілдері қаралды

9 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Цифрлық даму және ЖИ: адал қоғам құрудың жаңа мүмкіндіктері» атты форум өтті. Іс-шараны университеттің «Саналы ұрпақ» студенттік клубы ұйымдастырды.

 

Форумға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Тұран университеті және өзге де жоғары оқу орындарының студенттік ұйымдарының белсенділері қатысты.

Форумның мақсаты – әділ қоғам қалыптастыруға бағытталған заманауи шешімдерді талқылау және сыбайлас жемқорлықсыз орта құруға арналған жаңа технологияларды таныстыру.

Іс-шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров ашып, форумның маңыздылығын атап өтті. «Әлем жаңа цифрлық дәуірге қадам басуда, ал жасанды интеллект жай ғана құрал болудан қалып, қоғамды, экономиканы және ойлау жүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр. ҚазҰУ студенттері барлық акциялар мен бастамаларға белсенді қатысады – бұл біз үшін маңызды оқиға әрі университеттің цифрлық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі. Университет әрдайым сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, жасанды интеллект және цифрлық даму саласындағы бастамаларды қолдауға дайын», – деді проректор.

Форумда сондай-ақ ректор кеңесшісі Серікбай Нұрғисаев, Комплаенс-бақылау қызметінің бас маманы Ілияс Бегемов, Ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Әсем Шормақова, қалалық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» волонтерлік жобасының үйлестірушісі Ерболат Турлан, «Саналы ұрпақ» студенттік клубының төрайымы Аяулым Ернатқызы және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.

Форум барысында пікірталас өтіп, қатысушылар цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы сыбайлас жемқорлықтан ада адал қоғам қалыптастыруға қатысты идеялармен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Форумның қорытындысында жасанды интеллект технологияларын дамыту және цифрландыру аясында жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар қабылданды.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі