Жас ғалымдар тәжірибе алмастыFarabi University

Жас ғалымдар тәжірибе алмасты

12 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ІІ халықаралық Қазақстанның жас ғалымдары конгресі аясында «Жер, ғарыш және коммуникация» секциясының кезекті отырысы өтті.

Секция жұмысында қатысушылар география, ғарыштық технологиялар, байланыс жүйелері және ақпараттық коммуникация салаларындағы соңғы зерттеулер мен жетістіктерді талқылады. Сондай-ақ жас ғалымдар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырып, халықаралық деңгейде ғылымды интеграциялау мен тәжірибе алмасу жолдарын қарастырды.

Ауқымды іс-шараға шетелден келген ғалымдар, отандық зерттеушілер, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы, ҒЗИ өкілдері қатысты.

Шараны ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, мұндай ғылыми басқосулар тәжірибе алмасуға, ынтымақтастыққа, жаңа идеялар мен жаңа зерттеулерге жол ашатынын жеткізді. «Мемлекет қолдауының арқасында университет ғылымы дамып, жаңа жобаларға қаржылық гранттар бөлінуде. Ел Президентінің қамқорлығын әсіресе жас ғалымдар сезініп отыр. ҚазҰУ-дың 14 жас ғалымы Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан пәтер кілтін алып, тұрғын үй иесі атанды. Университетте соңғы жылдары «Жас ғалым» жобасы бойынша 73 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Бұл жас зерттеушілердің белсенділігін арттыруға және жаңа ғылыми бастамаларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді проректор.

Жиын барысында ғалымдар салалық зерттеулердің даму перспективаларын, ғылымды коммерцияландыру мүмкіндіктерін, Жер мен ғарышты зерттеуге арналған жаңа технологияларды және ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің болашағын қарастырды. Сонымен қатар жас зерттеушілердің өзара байланысын нығайтуға бағытталған ұсыныстар жасалды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар жас ғалымдарға арналған мұндай алаңдардың ғылымның дамуына зор үлес қосатынын атап өтіп, алдағы уақытта да ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобаларды жалғастыруға ниет білдірді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі