Қаржылық заңнаманың цифрлық трансформациясы қаралды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырған «Цифрлық трансформация жағдайында қаржылық заңнаманы дамытудағы стратегиялық мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты жолдауы аясында өткізілді.
Конференцияның ашылуында Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы цифрландыру жөнінде стратегиялық маңызы зор міндет қойғанын атап өтті. «Жуырда Қазақстанға Эстония Президенті және эстониялық жоғары оқу орындарының ректорлары ресми сапармен Астанаға келген болатын. Сапар аясында Таллинн технологиялық университетімен ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойылды. Бүгінде 1 миллион 800 мың халқы бар Эстония мемлекеті цифрлық басқару саласы бойынша Еуропалық одақта бірінші орында тұр. Франция, Германия сияқты жетекші мемлекеттер өз мамандарын тәжірибе алмасу және оқыту үшін Эстонияға жібереді. Егер ҚР Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді толық жүзеге асыра алсақ, еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен серпіліс жасайды», – деп атап өтті бірінші проректор.

ҚазҰУ заң факультетінің деканы, профессор Уәлихан Ахатов өз сөзінде FinTech индустриясының қарқынды дамуы және оның қаржы заңнамасына ықпалы жөнінде кеңінен баяндады. Спикердің айтуынша, Қазақстан бүгінде цифрландыру деңгейі бойынша әлемнің 176 мемлекетінің ішінде 36-орында тұр, сондай-ақ халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамы цифрлық форматта қолжетімді. Бұл көрсеткіштер елімізде цифрлық трансформацияның жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды.

Сонымен қатар конференцияда Қазақстан мен шетелдің жетекші сарапшылары сөз сөйледі. ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы Гүлдана Қуанәлиева цифрлық банкингті құқықтық реттеудің өзекті мәселелерін талқылады. Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің заң ғылымының докторы Аманлық Гулимов адам құқықтары, мемлекеттік құқық және басқару мәселелеріне тоқталды. Таллинн технологиялық университетінің доценті Томас Хоффманн Еуропа елдерінің цифрлық заңнаманы дамыту тәжірибесімен бөлісті, ал Гданьск мемлекеттік университетінің (Польша) профессоры Эдвардас Юхневичюс роботтарды салықтандыру тақырыбында баяндама жасады.


Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар цифрландыру жағдайында қаржы жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз ететін адаптивті құқықтық инфрақұрылым қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Ғылыми зерттеулердің тиімді нормативтік-құқықтық шешімдер әзірлеудегі рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар және индустрия арасындағы сараптамалық байланысты күшейту, цифрлық құқық пен экономика саласында бірлескен зерттеулер мен білім беру бастамаларын дамыту жөнінде шешім қабылданды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар