Ғылымның жаңа бағыттарына басымдық беріледі
Қытайдың Аньян технологиялық институтының делегациясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен келді.
Жүздесуде ҚазҰУ-дың Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің директоры Есбол Өміржанов екіжақты байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталып, университеттің ғылыми-инновациялық саладағы белсенді қызметі мен халықаралық жобалары туралы айтты.

Атап айтқанда 2025 жылғы қазан айында Шанхай қаласында өткен кәсіби кадр алмасуға арналған 23-ші халықаралық конференцияға ҚазҰУ қызметкерлері қатысқанын алға тартты. Шара аясында Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC – China National Nuclear Corporation), Харбин инженерлік университеті (HEU) және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында меморандумға қол қойылды.
«Қазақстан мен Қытай стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде ғылым, білім және технология саласындағы өзара іс-қимыл елдеріміз арасындағы байланысты нығайтатын көпір ғана емес, тұрақты болашақты қалыптастырудың маңызды құралына айналып отыр», – деді департамент директоры.
Кездесу барысында ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов факультеттің қазіргі таңда жасанды интеллект пен цифрландыру бағыттарын белсенді дамытып жатқанын жеткізді. Осы мақсатта факультет құрамында Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы ашылып, аталған салаға қажетті мамандар даярлануда. Бұл бағытта ҚазҰУ мен Аньян технологиялық институты үшін бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер бар екені атап өтілді.
Өз кезегінде қытайлық делегацияны бастап келген Аньян технологиялық институты ректорының орынбасары Ли Хунган университеттің бай тарихы мен тәжірибеге бағытталған миссиясына тоқталып, оқу орнының авиация, озық машина жасау, азаматтық құрылыс, химиялық технология, электроника және ақпараттық технологиялар сынды салаларға кадрлар даярлауға маманданғанын айтты. Сонымен қатар құрметті мейман бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға, ақпараттық технологиялар саласында тәжірибе алмасуға және ортақ зерттеу платформаларын құруға қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобалары мен зертханаларды дамыту бағыттарын талқылады. Бұған қоса, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы өзара үйлестіру мүмкіндіктері қарастырылды. Нәтижесінде тараптар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған жаңа келісімдерге қол қоюға және нақты жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар